Павлодар облысының энергетикалық нысандары бір жылда 30 млн тонна көмір тұтынады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінің энергетикалық кешеніне 7 ірі станса кіреді. Кәсіпорындардың жалпы қуаттылығы - 8002 МВт. Облыс елімізде өндірілетін электр қуатының 42 пайызын беріп отыр.
Павлодар облысындағы энергетикалық кешендер жылына шамамен 30 млн тонна көмір және 65 мың тонна мазут тұтынады. Облыстың энергия көздері үшін көмірдің негізгі жеткізушілері - «Богатырь Көмір» және «Шығыс» кеніштері. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты стансаларға мазут жеткізеді.
- Көмір тұтыну бойынша алып қарайтын болсақ, «Екібастұз ГРЭС-1 станциясы» ЖШС бір жылда -12,5 млн тонна көмір мен 9 мың тонна мазут, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ - 4,3 млн тонна көмір мен 5,7 мың тонна мазут, «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ - 7,2 млн тонна көмір мен 8 мың тонна мазут сатып алады. Өзге бөлігі «Қазақстан алюминийі» АҚ ЖЭО, «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-2 және ЖЭО-3 стансаларына, Екібастұз жылу орталығы «Energy Solutions» ЖШС-не тиесілі, - деп хабарлады Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасынан.
Өңірде биыл көмір бағасының өсуіне жол берілмейді делініп отыр. Ол үшін аталған басқарма көмір өндіруші кәсіпорындармен «Павлодар облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы» меморандум жасаған. Қазіргі уақытта бір тонна тас көмірдің бағасы - 4,2 мың теңгені және қоңыр көмірдің босатылу бағасы - 8,3 мың теңгені құрап отыр.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласына 9 қыркүйектен жылу беріле бастады.