Павлодар облысында 223 көпқабатты үй ыстық сусыз отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ыстық судан уақытша ажыратылған көпқабатты үйлердің ең көбі облыс орталығында. Мұнда 117 үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстарының тезірек аяқталуын асыға күтіп отыр.

коммуналды
Фото: Алматы әкімдігі

Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, гидравликалық сынақтар жүргізілгеннен кейін барлығы 592 зақымдану анықталған. Қазір оның 471-і жойылған.

— Мәселен Павлодар қаласында 280 зақымдану анықталды, оның ішінде магистральдық жылу желілерінде — 44 және кварталішілік желілерде — 236. Барлық ақау жойылды. 1324 көпқабатты үйдің ішінен 1207 көппәтерлі тұрғын үй немесе 91%-ы ыстық суға қосылды. Жылу желілерін күрделі жөндеу және қайта құру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 117 көпқабатты үйде әзірше ыстық су жоқ, — деп хабарлады басқармадан.

Екібастұзда гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған зақымдануларды жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 289 учаскенің 168-і жөнделді. Өзге зақымданулар жеке секторда орналасқан және көпқабатты үйлерге ыстық су беруге әсер етпейді. Тұрғын үйлердің 78-інде ыстық судың болмауы ЖМ-5, ЖМ-10, ЖМ-11 және ЖМ-16 жылу магистральдары желілерін қайта құру жұмыстарымен байланысты болып отыр.

Ал Ақсуда 23 зақымдану анықталып, толық жойылған. Бірақ бұл қалада да ыстық сусыз отырған үйлер бар. Оның ішінде 5 үй жылу желілерін қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты, ал 23 көпқабатты үй кәріз коллекторының тартылуына орай сусыз қалып отыр.

Шененіктердің мәліметінше, 2026 жылы Павлодар облысында шамамен 49 шақырым желіні жөндеу жоспарланған.

Биылғы жылы жоспарға сәйкес Қазақстанда 377 шақырым жылу желісін реконструкциялау және күрделі жөндеу көзделген