Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы акционерлік қоғам болып қайта құрылады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы акционерлік қоғам болып қайта құрылады. Бұл туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға арналған баспасөз мәслихатында өңір әкімі Болат Бақауов мәлім етті.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы  акционерлік қоғам болып қайта құрылады

«Корпоративті басқаруды енгізу аясында 35 медициналық ұйым шаруашылық басқару құқығындағы кәсіпорын мәртебесіне ауыстырылды. Оның ішінде 24-інде бақылау кеңестері құрылды. Биыл тағы да екі ұйымды ауыстыру жоспарланып отыр, сондай-ақ облыстық кардиологиялық орталықты АҚ нысаны етіп қайта құру ескерілген»,-деді әкім.

Өңір басшысының айтуынша, Ұлт жоспары бойынша денсаулық сақтау саласында жеке медицинаны дамыту қарыстырылуда және медициналық мекемелерде корпоративті басқаруды енгізу ескерілген. Бүгінде облыста 81 медициналық ұйым қызмет етуде. Оның ішінде17 ұйым медициналық қызметтерді атқаруға мемлекеттік тапсырыс алып отыр.