Павлодар облысы баспана құрылысын барынша арттыруға ниетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев биыл өңірде баспана құрылысын барынша арттыруға уәде берді.
«Әкімдік пәтерлерді тек заңнамаға сәйкес береді. Жеңілдік берілген адамдар үшін өзіндік кезек бар. Жалпы кезекке 15 мың адам енгізілген. Онда жалғыз басты аналар, мүгедектер және баспанаға мұқтаж адамдардың өзге де санаттары қамтылған. Бізде пәтерлерді үлестіру ашық өткізіледі. Сондықтан да адамдар бұл жағдайды жақсы біледі»,-деді облыс әкімі.
Әкімдік мәліметінше, өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 173,9 млрд. теңгені құрады немесе 2014 жылға қарағанда 148,7 пайыз болды. 165 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.