Павлодар облысы:Тиімсіз агро-техникалық колледждерді біріктіру жоспарлануда

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Түлектері мамандықтары бойынша еңбек етпейтін кәсіптік және техникалық білім беретін ұйымдарды оқу сапасын жоғарылату үшін біріктірмек. Осылайша колледждерде өңірімізге керекті мамандарды дайындай бастайды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы:Тиімсіз агро-техникалық колледждерді біріктіру жоспарлануда

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен Баянауылда өткен жиында ауылдық жерлердегі пайдасы аз колледждердің мәселесі талқыланды. Өңір басшысы бірден КжТББ ұйымдардың көрсеткіші - түлектерінің жұмысқа орналасуымен есептелетінін айтты. Ал бұл бағытта аудандардағы колледждердің көбісінде көрсеткіш төмен.

 «Баянауыл аграрлы-техникалық колледжін алайық, ішінде біреуі де өз мамандығы бойынша еңбек етпейді. Олар: аспазшылар, дәнекерлеушілер, электр механиктері. Соңғы 5 жылда түлектердің 39 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Оның тек 19 пайызы  мамандықтары бойынша жұмыс жасайды. Аграрлы-техникалық колледждердің барлығында дерлік бұндай жағдай орын алып отыр. Оған қоса, бір білікті маманды дайындау үшін жыл сайын облыстық бюджеттен 1,2 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады»,- деді облыс әкімі.

 Болат Бақауов Павлодар түсті металлургия және Ақсу қара металлургия колледждерін үлгі қылды. Олардың түлектерінің 95 пайызы өңірдегі металлургиялық кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. «Жуырда Шарбақты аграрлы-техникалық колледжін тексеру барысында 6 қыз баланың темір ұстасы және дәнекерлеуші бойынша білім алып жатқаны анықталды», - деді өңір басшысы. «Олар оқуын аяқтағаннан кейін мамандықтары бойынша жұмыс жасай ма? Сөзсіз, олай етпейді. Жастар арасында кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізілуі қажет. Әсіресе, мектеп деңгейінде жүргізу керек. Бозшакөлдегі тау-кен байыту комбинатына қарасаңыздар, бүгінде ол жерде Қарағанды, Астана, тіпті Қырғызстан мен Өзбекстаннан жұмысшылар бар. Ал біз, өндірістік өңірде материалды-техникалық базамыз бола тұра, осындай кәсіпорындарды кадрмен қамтамасыз ете алмай отырмыз».

Аграрлы-техникалық колледждердің басшылары түйткілді мәселелердің бар екенін жасырмады. Оның бірі - жастардың көбісі мамандыққа назар аудармай, колледждерге тек диплом үшін келетіні. Сонымен қатар, оқуын аяқтағаннан кейін көптеген түлектер егін мен шабындық науқанында ғана табыс табуға барады. - Сонда біз колледждерді маусымдық жұмыскерлерді дайындау үшін ұстап отырмыз ба? - деді облыс әкімі. «Төрт жыл оқытып, бір маман даярлауға 4 миллион теңгеден астам қаржы жұмсап 2 айлық жұмыскерді шығарамыз ба? Бұл әдіс дұрыс емес. Аграрлы-техникалық колледждердің мәселелері Білім және ғылым министрлігімен келісілген «біріктіру» жолымен шешіледі». Красноармейка аграрлы-техникалық колледжі «Павлодар облысының аграрлы инновациялық колледжі» болып қайта құрылып, өзге КжТББ шағын ұйымдарын оған қосу жоспарлануда. Ұсынылған құрылымда барлық теориялық оқытулар Красноармейкада өткізіліп, өзге аудандардағы колледждер тәжірибеден өту орны ретінде қолданылады. Болат Бақауов барлығын тиянақты қарастырып, жақын арада біріктіру жұмысына кірісуге тапсырма берді. 
null null