Павлодар облысына келген 75 мыңнан астам адамның 142-сі симптомсыз КВИ-ге шалдыққан
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодар облысының аумағында мемлекеттік шекараның 4 автомобиль өткізу пунктінде ҚР азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың орын ауыстыруына мониторинг белсенді жүргізілуде.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналына сілтеме жасап хабарлайды.
Шектеулер енгізілген сәттен бастап Павлодар облысына 75 418 адам келді, оның ішінде халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын 48 109 жүргізуші және 27 309 жолаушы бар. ПТР тексеруден өту үшін карантин стационарларына ҚР 2 429 азаматы орналастырылды.
Жалпы, 22 093 адам ПТР тексеруден өтті, симптомсыз коронавирусқа шалдыққандардың 142 жағдайы анықталды. Теріс нәтижелі ПТР анықтамасын ұсынбағаны үшін 897 шетел азаматына, оған қоса соңғы тәулікте Ресей Федерациясының екі азаматына елге кіруге тыйым салынды.