Павлодар облысында 10 жыл ішінде ЭКО арқылы 115 бала дүниеге келген
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанова агенттіктің жолдаған ресми сауал хатында мәлім етті.
- Өңірде бала сүйе алмайтын жұптардың саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2018 жылы облыстың медициналық ұйымдарында диспансерлік тіркеуге 1911 жұп алынса, 2019 жылы олардың саны 2115 жұпқа жеткен. Әйелдер бедеулігі - 51%, ерлер арасында белсіздік - 49%. 2020 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 818 ерлі-зайыпты ЭКО-ға квота алу кезегінде тұр. Бедеуліктің жас құрылымына келетін болсақ, 28-ден 42 жасқа дейінгі әйелдер мен 30 жастан және одан үлкен ер адамдарда кездеседі. Бедеулік пен белсіздіктің себебі көбінесе қабыну генезисіне байланысты, - дейді Сәуле Арыстанова.
Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, экстракорпоралды ұрықтандыруға квоталар бөлу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы 5 қаңтардағы № 1 және 2011 жылғы 30 наурыздағы № 162 бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады.
Аталмыш бағдарлама шеңберінде 10 жыл ішінде, яғни 2010 жылдан 2020 жылға дейін, Павлодар облысы үшін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі үшін ЭКО-ға 335 квота бөлінген. Нақтырақ айтатын болса, 2010 - 5, 2011 - 18, 2012 - 30, 2013 - 27, 2014 - 27, 2015 - 36, 2016 - 34, 2017 - 38, 2018 - 36, 2019 - 38, 2020 - 46).
- ЭКО бағдарламасының тиімділігі 30-дан 42% -ке дейін құрайды. Жыл сайын ерлі-зайыптыларды ЭКО-ға квота бойынша жіберген кезде олардың тек үштен бір бөлігі оң нәтиже береді. Сондай-ақ олардың арасында жартысында көпжүктілік кездеседі. Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде әйелдердің бедеулігі трубно-перитонеалды факторға байланысты, ерлердің белсіздігі ауыр формалары (олиго, астено, тератозооспермия) тіркелген жағдайда жасанды ұрықтандыру көрсеткіштері болады. Сондай-ақ олар 19-45 жас аралығында ресми некеде тіркелген, балалары жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары болуы тиіс, - дейді Сәуле Арыстанова.
Бедеуліктің әртүрлі формалары бар науқастар аумақтық емханалардың жанындағы диспансерге тіркеліп, содан кейін денсаулық сақтау бөліміне кезекке қойылады.
Ерлі-зайыптылар Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тапсырысын алатын ЭКО орталықтарының бірін таңдауға құқылы.
Кезектілікке сәйкес пациенттер орталықтардың біріне (өз қалауы бойынша) іріктеуден өту және комиссия шешімін қабылдау үшін жіберіледі.
ЭКО орталықтары комиссияларының шешімінің нәтижелері бойынша ерлі-зайыптыларға квотаға жолдама бөлінеді.
Еске сала кетейік, Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды және «ЭКО» бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейтуді тапырған болатын.