02:29, 24 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Павлодар облысында 2 мыңнан астам пиротехника тәркіленді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық тәртіп сақшылары 3 күн ішінде пиротехникалық өнімдерді заңсыз саудалаудың 9 фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сауықтыру шарасының бірінші күнінде-ақ Павлодар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Мичурино, Розовка және Чернорецк ауылдарынан пиротехникалық өнімдерді тиісті құжаттарсыз саудалаудың 3 фактісін анықтады»,-деп хабарлады Павлодар облыстық Ішкі істер департаметінің баспасөз қызметі.
Барлық фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 196 бабы негізінде (Тауарларды немесе өзге де заттарды заңсыз саудалау) хаттама толтырылды.
Полиция қызметкерлері 3 күн ішінде 2 мыңнан астам пиротехникалық өнімдерді тәркіледі. Сауда заңы талаптарын бұзғаны үшін оларға 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Полиция қызметіндегілердің айтуынша, пиротехникалық өнімдерді тиісті лицензиясы бар арнайы орындардан ғана сатып алуға болады.