Павлодар облысында 250 орындық мектеп ашылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар ауданының Кемеңгер ауылында оқу бір ауысымда жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күрделі жөнделіп, қосымша ғимарат салынғаннан кейін бастауыш мектеп пайдалануға берілді. Оқу орны «Заманауи мектеп» жобасы бойынша жабдықталған. Ғимаратта 12 кабинет, акт және спорт залы, кітапхана, асхана және медициналық блок бар. Бастауыш буыннан басқа, мұнда енді мектепалды даярлық курсы жүргізіледі.
«Кемеңгерде 350 орындық мектеп бар, бірақ оның қуаты тек екі ауысымда - таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істеу үшін жеткілікті болған еді. Енді жоғарғы сыныптар да, бастауыш мектеп те бір ауысымда оқиды. Балалар жаңа мектепті көрді және олар қайтадан партаға отыру үшін карантиннің аяқталғанын асыға күтіп жүр», - дейді Павлодар ауданының білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Нұрғалиева.

Ғимарат «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделді. Сыныптарға Павлодарда жасалған жиһаздар сатып алынды.
«Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқасында біз әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қатысты көптеген мәселені шештік. Отандық құрылыс индустриясын және құрылыс материалдарын, жиһаз және басқа да өнім шығаратын жергілікті өндірушілерді қолдауға мүмкіндік туды. Ортақ тапсырманы бірге орындадық», - деп атап өтті Тәуелсіздік күні жаңа мектепке барған Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Өңір басшысы Кемеңгерде «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжіне барды. Биылғы жылы мұнда асхана кеңейтіліп, қайта жабдықталды және оқу орнының корпусының бірінде агроөнеркәсіптік кешен маманын даярлау үшін құзырет орталығы жабдықталды. Болашақ темір ұстасы, тракторшы мен комбайнер әлемнің үздік өндірушілері - John Deere, CLAAS және басқалардың симуляторы мен ауыл шаруашылығы техникасын қолдану арқылы оқитын болады.


«Мақсатымыз – республика деңгейінде жаттығу базасына және ауыл шаруашылығы мамандары арасында кәсіби құзыреттілік бойынша чемпионаттарды өткізу алаңына айналу. Сондай-ақ біз техникаға қызмет көрсету және жөндеу қызметтерін көрсетуді жоспарлап отырмыз», - деді колледж басшысы Айгүл Байжұманова.
Павлодар облысының әкімі жобаға толық қолдау білдіріп, бүгінде өңірлік агроөнеркәсіпке заманауи стандарттар бойынша дайындалған қызметкерлер қажет екенін атап өтті. Әбілқайыр Сқақов колледж инфрақұрылымын мамандарды оқыту үшін ғана емес, қосымша курстың көмегімен олардың біліктілігін арттыру үшін де пайдалануды ұсынды.



