Павлодар облысында 3800-ден астам отбасы жаңа форматта әлеуметтік көмек алуы мүмкін
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 3872 көп балалы отбасы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіне ие.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
«1 қарашадағы жағдай бойынша облыста әлеуметтік көмек 522 аз қамтамасыз етілген азаматқа көрсетілген. Балаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақыны 1188 отбасы алған. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып екі түрге бөлінеді. Шартсыз көмек шынымен де мұқтаж жандарға немесе өмірде қиын жағдайға тап болғандарға беріледі. Оған жеті жасқа дейінгі баласы бар жалғызбасты аналар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, күндізгі бөлімде оқитын студенттер кіреді. Шартты атаулы көмек құрамында еңбек етуге қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сондай-ақ отбасының барлық еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда (тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, жастар тәжірибесі, кәсібі немесе мамандығы бойынша оқыту, қайта оқыту), жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға және жеке кәсіпкерлік қызметін ұйымдастыруға беріледі». Басқарма басшысының айтуынша, АӘК әр отбасы мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға көрсетілетін болады. Облыс бойынша жаңа форматқа байланысты жұмыспен қамту орталықтарының штатына 95 бірлік енгізіледі. Оның 13-і әлеуметтік мәселелер бойынша кенесшілер болса, 82-сі жобалық ассистенттер. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 113,9 млн теңге бөлінеді.
Облыс әкімі ведомство басшылығынан бүгінгі таңда тұрғындар арасында қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы сұрап, келесі жылы бұл өзгеріс жұртшылық үшін тосын жаңалық болмауы керектігін айтты.
«Қанша жылдан бері әлеуметтік көмек мұқтаж және жұмыс істей алмайтындарға берілетіні туралы айтылып келеді. Қалалар мен аудандардың әкімдері жиындар өткізіп, БАҚ-та ақпарат жариялау керек. Бұл жұмысқа облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттарын тартқан дұрыс», - деді өңір басшысы Болат Бақауов.