Павлодар облысында 4 мың бас мал айып тұрағына қамалды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында қараусыз жайылып жүрген шамамен 4 мың бас мал айып тұрағына қамалды. Жалпы бүгінде өңірде мұндай 139 айып тұрағы жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адамдардың өз мүлкіне салғырт қарауы қайғылы жайттарға алып келуі мүмкін. Өйткені қараусыз жайылып жүрген мал ұры-қарыға жем болуымен қатар, жол-көлік оқиғасына да себепкер болуы ықтимал», - дейді өңірдің жергілікті полиция бастығы Ғалым Сарғұлов.
Осы мақсатта павлодарлық полицейлер облыс аумағында автожолдар мен жаздық жайылымдарға шолғындау жүргізеді. Қараусыз жайылып жүрген малды мамандандырылған айып тұрағына қамайды.
«Тек демалыс күндері ғана жаздық жайылымдарда қараусыз жайылып жүрген 753 бас мал айып тұрағына қамалды», - деді жергілікті полиция бастығы.
Polisia.kz порталының мәліметінше, полиция қызметкерлері шолғындау жүргізу барысында Железин ауданының Озерное ауылына жақын маңда қараусыз жайылып жүрген 20 жылқыны анықтаған. Бір үйір жылқы ұрылардың қолына түспеуі үшін айып тұрағына айдалған. Сәл кейінірек жылқылардың иесі табылып, онымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған факті бойынша ветеринария органдарына жылқыларда «идентификациялық нөмірдің» болмауына байланысты оның иесін жауапкершілікке тарту үшін материал жіберілді.