Павлодар облысында 520 шақырым жол жөнделеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Павлодар облысында қиыршықтастың 55 пайызы мен битумның 35 пайызы дайындалған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында 520  шақырым жол жөнделеді

Биылғы жылы өңірде жолдарды күтіп ұстауға облыстық және республикалық бюджеттен шамамен 12,4 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржыға орташа есеппен алғанда 520  шақырым жолды жөндеп, күрделі жөңдеу жоспарланған.  

Көріктендіру науқанын уақытылы және тиімді өткізу бойынша ірі мердігерлік ұйымдар 420-дан астам техника іске қоспақ. Қазіргі күні жөндеу жұмыстарын жүргізетін адамдар шығыс материалдарын дайындауда. Облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыс кезінде битум дайындауға баса назар аударылды. Бұл өнімнің жетіспеушілігі алдыңғы жылдары жол құрылысына әсерін тигізген болатын.

«Жыл басында автомобиль жолдары комитетіне  жолға қанша битум қажет екені туралы айтқан  едік. Наурыз айында Энергетика министрлігі, «ПМХЗ» ЖШС және мердігерлік ұйымдардың өкілдерімен бірге жиын өткізілген. Бұдан кейін  министрлік  2018 жылға битум өндіру көлемінің кестесін құрған. Осыған сәйкес біздің мердігерлер қажет битумды «ПМХЗ» ЖШС-нан сатып алады, - деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов.

 Мұнай өңдеу кәсіпорының  өкілдері бүгінде 22 мың тонна битум тиелгенін хабарлады. Оның 15 мың тоннасы Павлодар облысында қалған. Сәуір айында зауытта шамамен 41 мың тонна  битум шығарылады.

«Битум дайындау мәселесі күнделікті бақылауда болуы тиіс. Жаз мезгілінде жабдықтаушы өз өніміне бағаны көтеруі мүмкін. Әлбетте, сұранысқа байланысты ұсыныс та артады. Бұдан кейін құрылысшылар қаржы жетпейтіндігіне, битумға ұзын-сонар кезек тұратындығына шағымданады. Біз алдын ала төлем жасап қойған жоқпыз ба? Күз кезінде мердігерлер материалдар дайындасын деп айтқан едік» - деп талап етті өңір басшысы Болат Бақауов.    

Бұдан басқа, облыс әкімі басшыларға келесі жылға жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажеттігін еске салды.

Облыс әкімі жобаларды 15 мамырға дейін тапсыруды жүктеді.