Павлодар облысында 78 қасиетті орын анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы Павлодар облысында сакралды нысандардың төлқұжаттарына 5 млн. теңге және үш нысанға археологиялық жұмыстар жүргізуге 10 млн. теңге бөлу қарастырылған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы кеңейтілген мәжілісте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков айтты.
«Өңірде «Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыруға баса назар аударылады. Қазіргі таңда аймақта 78 сакралды орын анықталған. Оның 73-і облыстық және бесеуі республикалық тізілімге енгізілген. Әрбір нысан мен орынға толық аңдатпа жазу бойынша жұмыс жүрігізілуде», - дейді Ардақ Райымбеков.
Еске сала кетейік, ғалымдардың шешімімен анықталған орындардың қатарында Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі, Кемпіртас және Қоңыр әулие сынды тарихи орындар бар. Ал, Шарбақты ауданынан Ғабдул Уахит хазірет кесенесі, Екібастұз қаласынан Исабек Ишан кесенесі сол тізімнің қатарынан орын алған.