Павлодар облысында ақпарат жинақтауға арналған Data -орталық салынуы керек - К .Мәсімов
АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -Павлодар облысында ақпарат жинақтауға арналған Data-орталық салынуы керек.
Мұндай жайында бүгін селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ұсынды.
«Қазіргі кездегі ақпараттық технологиялардың дамуы белгілі бір бағытта жылжып келе жатыр. Осы орайда алдағы кезеңнің компьютерлерінде қатқыл дискілер болмауы мүмкін. Егер олар болмаса, ақпарат қандай да бір жерде жинақталуы тиіс. Бұл бағытта осы ақпараттар Data -орталықтарда жинақталады. Айтишниктердің тілінде бұлар «Бұлт» деп аталады», - деді Үкімет басшысы.
Осы тұрғыда К. Мәсімов Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевке тиісті тапсырма берді. Премьер-Министрдің пікірінше, осындай ақпарат жинақтау орталығын Павлодар облысында салу тиімді болмақ. Себебі, аталған өңірде электр энергиясын өндіру орындары жақын орналасқан. «Осыған байланысты мәселені тез арада қарастырып, аталған бәсекеге қабілетті орталықтың құрылысын іске асыру қажет», - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр ақпаратты орналастыру мәселесін айта келе, «Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың ақпараттары республика аумағындағы Data-орталықтарында болуы тиіс»,- деп түйіндеді.