Павлодар облысында «Алтын белгіге» үміткерлердің біреуі ғана сенімді ақтамады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында «Алтын белгіге» үміткер 146 мектеп бітірушісінің 145-і немесе 99,3 пайызы өз білімдерін растады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Мектеп бітірушілерін қорытынды аттестаттау және 2017 жылғы ҰБТ-ны өткізуге дайындық» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім беру басқармасы білім беру мониторингі бөлімінің басшысы Роза Балтабекова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
-Өңірдегі мамандандырылған және қалалық мектептердің «Алтын белгіге» үміткерлерінің барлығы дерлік өз білімдерін растап шықты, - дейді Роза Балтабекова. - Тек Баянауыл ауданы Ә.Марғұлан атындағы орта мектептің бір түлегі бұл нәтижеге қол жеткізе алмады. Үздік аттестатқа үміткер болған 133 мектеп бітірушісінің барлығы да үмітті ақтады. Қанағаттанарлық емес деген баға жоқ. 11-сыныптар үшін биыл ана тілі мен әдебиеті бойынша эссе түріндегі жазбаша емтихан 29-мамырда, таңдау пәні бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, шетел тілдері (ағылшын, француз, неміс тілдері), дүние жүзі тарихы, әдебиет, информатика) және орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілінен және қазақ тіліндегі мектептерде орыс тілінен тестілеу 2 маусымда, алгебра және анализ бастамалары пәні бойынша бақылау жұмысы 6 маусымда өтті. Айта кетерлігі, 9 маусымда алғаш рет Қазақстан тарихы бойынша оқушылар ауызша емтихан тапсырды.
Сондай-ақ өңірде қорытынды аттестаттауға барлығы 3655 оқушы қатысқан. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес дәрігерлердің анықтамасын ұсынған 83 оқушы қорытынды аттестациядан босатылған. Олардың 76-сы - жалпы орта білім беру мектебінің, жетеуі - кешкі мектептердің түлектері. Бұл оқушыларға автоматты түрде қорытынды бағалар қойылды.