Павлодар облысында балалары түнде қыдырып жүргені үшін мыңнан астам ата-ана жазаланды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Полиция ересектердің қарауынсыз ойын-сауық мекемесіне жасөспірімдерді кіргізген 25 кәсіпкерді жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысында балалары түнде қыдырып жүргені үшін мыңнан астам ата-ана  жазаланды

«Полицияға Павлодардағы Чокин көшесінің бойындағы аулада жасөспірімдердің шулап жатқанын хабарлап, бір әйел қоңырау шалған. Сол жерге барған полицейлер полиция бөліміне жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын жеткізді. Нәтижесінде, олар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442-бабы 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Балалармен, олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді», - деді Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінен.

2022 жылдың басынан бастап Павлодар облысында полиция балаларды тәрбиелеу, білім беру және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 200-ге жуық ата-ана және заңды өкілді жауапқа тартты.

«2022 жылдың 5 айында балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 1029 ата-ана жазаға тартылды. 25 ойын-сауық мекемесінің иесі жасөспірімдерді ересектерсіз кіргізгені үшін жауапкершілікке тартылды», - деді ведомстводан.