Павлодар облысында бас дәрігерлердің кабинеттері бірінші қабатқа көшіріледі

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында медициналық мекемелер басшыларының кабинеттері бірінші қабатқа көшіріледі. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ержанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Рavlodarnews.kz сайтының жазуынша, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің «Ертіс - адалдық алаңы» жобалық офисінде брифинг өтті. Онда тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және медицина саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері айтылды.

«Өткен жылы медициналық ұйымдарда науқастарды қолдау қызметі кабинеттерін бірінші қабатқа көшіру шешімі қабылданғаны белгілі. Медициналық ұйымдарда басшылардың кабинеттері техникалық мүмкіндік болған жағдайда бірінші қабатқа ауыстырылады. Биыл қаңтар айы бойы біздің ведомствоның басшысы Ораз Мұқашев Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ай сайын екі рет, сенбі күндері ашық кездесулер өткізеді. Сол жерге келген кез келген тұрғын өздерін толғандырған сауалға бірден жауап ала алады. Мұндай шаралар мәселені уақытында шешуге көмектеседі», - деді Ерлан Ержанов.

Спикер 2019 жылдың басынан Денсаулық сақтау басқармасы бірқатар бағынысты медициналық ұйымдарда сатып алуды орталықтандыруды жүргізгенін және бұл тәжірибе алдағы уақытта жалғасын табатынын атап өтті.

«Бұдан басқа, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында стационарлық қызмет көрсететін 11 мекемеде тамақтану қызметі орталықтандырылады. Мұның барлығы қызмет көрсету сапасын арттыра түспек», - деді басқарма басшысының орынбасары.
null

Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жахин 31 қаңтар күні Facebook-те тікелей эфирде өткен брифинг алдағы уақытта дәстүрге айналатынын айтты.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес «Ертіс - адалдық алаңы» жобасы аясында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында үш блок бойынша жұмыс атқарылады. Мұндай форматта ұйымдастыру еркін алаңда өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде әлеумет үшін аса маңызды болып табылатын денсаулық сақтау саласы қамтылып отыр. Екі күн бұрын денсаулық сақтау саласы тақырыбында брифинг өтетіні туралы хабарлама берілген болатын. Нәтижесінде Facebook әлеуметтік желісі арқылы 15 сұрақ келіп түсті», - дейді Нұрлан Жахин.

Соңғы жаңалықтар