02:03, 25 Сәуір 2021 | GMT +5
Павлодар облысында бір күнде 20 мың ағаш пен бұта отырғызылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 24 сәуірде Павлодар облысында ағаш отырғызу, су объектілерін қараусыз және заңсыз орнатылған тордан тазарту, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды жинау акциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараға 20 мыңға жуық адам тартылды.
Акцияға облыстық әкімдік өкілдері, олардың қалалар мен аудандардағы әріптестері, балық инспекциясы қызметкерлері, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар, студенттер, оқушылар және облыстың қарапайым тұрғындары қатысты.
Облыс бойынша барлығы 20 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылып, қалалар мен аудандардың аумақтары 24 мың тонна қоқыстан тазартылды.
Су қоймаларынан тағы 82 тонна қалдық шығарылды.
«Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында өткен ауқымды шара қоршаған ортаның ластануы проблемасына назар аудару үшін жасалған.
Павлодар облысында «Таза Табиғат» аясында «Мекенім – жасыл орман», «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту», «Бірге таза Қазақстан», «Таза су айдындары» сияқты акциялар өткізілді.