Павлодар облысында бірінші бесжылдықтағы 66 жоба жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізді

Өңірде іске қосылған екі жобаның жұмыс қарқыны әзірше төмен деңгейде. Олар «Қазақстан вагон жасау компаниясы» және «Альголд» ЖШС.
«Үкімет тарапынан лизинг механизмі арқылы отандық жүк және жолаушылар вагондарын жасау өнеркәсібін қолдау үшін 17,5 млрд. теңге көлемінде ақшалай қаражат бөлінді. Осы қаржылай көмек арқылы теміржол машиналарын жасау саласындағы 39 кәсіпорын, олардың ішінде «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-ы да өздерінің жағдайын көтеріп, нарықтағы белсенділігін арттыра алады, - деді Әлішер Әбдіқадыров. - «Альголд» ЖШС-на келетін болсақ, құрамында алтын бар рудаларды қайта өңдеу өндірісін модернизациялау жобасы бойынша кәсіпорындағы жұмыс мамыр айынан бастап қайта жанданды. ЖШС-ның өнімдері «Тау-Кен Алтын» ЖШС-ның аффинаждау зауытына сатылымға шығарылады. «Тау-Кен Алтын» ЖШС-ы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының құрамына енеді».
2015-2019 жылдар аралығында облысымызда инвестициялар көлемі 1,2 трлн. теңгені құрайтын 32 жоба жүзеге асырылды. Бұл жобалардың шеңберінде 7000 жұмыс орындары құрылды. 2015 жылы 5 жоба іске қосылды. Олардың ішінде Бозшакөл тау-кен байыту комбинаты мен мұнай коксын қыздыру қондырғысы да бар. 2016 жылы жеті жобаны тапсыру көзделіп отыр. Олардың үшеуі (Екібастұз және Павлодар қаласындағы жылыжай кешендері және Май ауданындағы көмір байыту қондырғысы) қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.
Белгілі болғандай, 2016 жылы облыстың негізгі капиталына 460 млрд теңге тартуға жағдай жасалады. Болат Бақауов өңірдің тартымдылық картасын жасап, онда қаржылық қолдауды қажет ететін жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарды көрсетуді талап етті. Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі жергілікті әкімдердің жұмысы тартылған инвестициялардың санына қарай бағаланатынын еске салды.