20:57, 09 Шілде 2016 | GMT +5
Павлодар облысында екі адам түйнеме дертін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ертіс ауданы Ертіс ауылында екі адам түйнеме дертін жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымов мәлім етті.
«Сырқаттар 8 шілдеде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бұлар 51 жастағы ер адам мен 31 жастағы келіншек. Сонымен бірге, ауруханада 21 адам бақылауға алынған», - деді ол.
«27 маусымда Ұзынсу ауылының жайылымында ауырып қалған сиырын иесі ветеринарлық куәландырусыз сойып алған. Ауру сиырдың 117 келі етін ол Ертіс ауылындағы «Майра» дәмханасына өткізген. Қазіргі уақытта сиырдың қалған еті мен терісі алынды. Мал сойылған жер мен ет сақталған орын зарарсыздандырылды. Кешенде эпидемияға қарсы және ветеринарлық іс-шаралар жасалуда. Сондай-ақ Ұзынсу мен Ертіс ауылдарында ауру малдарды және олармен байланысты болғандарды анықтау үшін мамандар әрбір үйді аралауда», - деді Н.Қасымов.