Павлодар облысында Ертістің мұзы қозғала бастады
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында Ертісте сең бұзылып, өзен суы арнасынан шыға бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Семьярка ауылының тұсында мұз бұзылуда. «Затон» гидрологиялық бекетінің мәліметінше, су қоймасынан су босатқанның өзінде Ертіс өзені 1,5 метрден жоғары көтерілген. Қазір су дейгейі 508 сантиметрді құрайды. Бекет бақылауындағы қауіпті деңгей 800 сантиметр болып саналады», - дейді жергілікті «Қазгидромет» филиалы директоры м.а Серік Мұстафин.
7 қаңтардағы деректерге сәйкес, Шүлбі су қоймасынан босатылған судың орташа тәуліктік көлемі секундына 1700-1800 текше метр.
Синоптиктер сонымен қатар, соңғы тәуліктерде судың тағы бес-жеті сантиметрге көтерілгенін айтады.
«Судың көтерілуіне жыл сайын екі себеп бар. Бірінішісі қардың еруі, екіншісі ШҚО су қоймаларынан босатылатын су көлемі»,-дейді жергілікті ТЖ өкілі Сергей Чернов.
Судың қазіргі ернеуінен асуына синоптиктер қалыпты құбылыс ретінде қарап отыр. Өзеннің қатты тасуы 11 сәуірден бастап күтіледі екен.