Павлодар облысында фонтанда шомылған баланы тоқ соқты
«Өткен демалыста Павлодар облысында фонтанда шомылып жүрген баланы тоқ соқты. Ондай жерлерде суға түсуге мүлдем тыйым салынған. Санитарлық дәрігерлер де рұқсат етілмеген жерлерде шомылудың қауіпті екенін айтады. Алайда баланың аты – бала, ойнағанды жақсы көреді. Сондықтан әкімдіктер фонтандардың жұмысын тексеріп, балалардың суға түсуіне жол бермей, бақылауды барынша күшейтуі тиіс», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.
Премьер-Министрдің айтуынша, аталған шаруға әкімдіктермен қатар Ішкі істер министрлігі де жауапты.
«Оңтүстік өңірлерде адамдардың каналдарға шомылуы алаңдатып отыр. Олардың көбі қоршалмаған және суға түсуге жабдықталмаған. Бұл бірінші кезекте балалар үшін өте қауіпті. Балалардың канал суына батқан жағдайлар Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында көп тіркеледі. Осы орайда Түркістан облысының оң тәжірибесін атап өткім келеді. Онда арыққа немесе каналға түскенде батып бара жатқан жағдайда өз бетінше сыртқа шығуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар орнатылуда. Басқа өңір әкімдіктері осы тәжірибені зерделеп, каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін пысықтауы қажет», - дейді Үкімет басшысы.