15:02, 25 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Павлодар облысында хоккейшілер мінген автобустар жолда қалды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар - Шарбақты күре жолында хоккей командалары мінген екі жолаушылар автобусы қозғалысын тоқтатты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодар облыстық ТЖД берген мәліметтерге қарағанда, олар Солтүстік Қазақстаннан Павлодарға қарай жолға шыққан. Ол екеуінен тыс, Семей - Павлодар және Семей - Өскемен қалааралық жолаушы автобустары да сол жерде тұр. Жалпы төрт автобуста 107 жолаушы, соның ішінде балалар да бар. Оларға көмекке құм мен тұз тиелген алты арнайы көлік жіберілді.
«Лебяжі ауданының атқарушы билік органдары мен ТЖД күштері алдымен хоккей клубтарының автобустарындағы жолаушыларды тасымалдайды. Автобустар әзірше жолда тұр. Жолаушылар «ГАЗельдермен» тасымалданады. Балалар хоккей клубының 15 спортшысы мінген алғашқы топты әкетіп үлгердік», - дейді өңір ТЖД бірыңғай ақпарат қызметінің басшысы Асқарбек Омаров.