Павлодар облысында қатты жел тұрғын үйлер мен нысандардың шатырларын ұшырып әкетті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Екпіндеп соққан жел Алакөл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің, Петропавловка ауылындағы мектептің шатырын ұшырып әкетті, жеке тұрғын үйлердің шатырлары жартылай зақымдалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысында қатты жел тұрғын үйлер мен нысандардың шатырларын ұшырып әкетті

«21 шілде күні сағат 23:50-де Железин ауданының Алакөл ауылында Ленин көшесі 9 мекенжайы бойынша қатты желдің салдарынан («Қазгидромет» РМК деректері бойынша екпіні 16 м/с-қа жеткен) жалпы ауданы 187 шаршы метрде фельдшерлік-акушерлік пунктінің бір қабатты ғимаратының шатыры бұзылғаны туралы ақпарат келіп түскен», - деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Петропавловка ауылының Степная көшесі 15 мекенжайында орналасқан Буденовка негізгі жалпы білім беретін мектебінде 50 шаршы метр алаңдағы ғимарат шатыры ішінара бұзылған.

«21 шілде күні сағат 19:00-де төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның жоспардан тыс жедел отырысы өтті. Онда қолайсыз ауа райы жағдайларының салдарларын жою, сондай-ақ зардап шеккен ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру мәселелері қаралды», - деп атап өтті ведомстводан.

Жеке тұрғын үйлердің шатырлары жартылай зақымдалған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.