Павлодар облысында қай демалыс орны мен нысандарға баруға болады
Павлодар облысындағы керемет жерлердің бірі – Баянауыл ұлттық табиғи паркі. Мұнда таулар мен көлдердің сұлулығын тамашалап, тарихи орындарға саяхаттауға болады. Ұлттық табиғи парктің аумағына кіру үшін ақы төлеу керек, яғни бір адамға 635 теңге.
Жазда осында демалуға мыңдаған адам келеді, сондықтан баратын демалыс үйлерімен алдына ала келісу керек. Баянауылда демалу қымбатқа түсетіні белгілі, дегенмен қалтаға салмақ түсірмейтін орындарды табуға болады. Кейбір демалыс үйлеріне тәулігіне 4 мың теңгеге тоқтау мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, жазғы демалыс маусымы басталған кезде ұлттық парктегі орташа баға өседі. Әдетте, бір адамға 8-12 мың теңге болса, тамаққа бөлек ақы алынады. Бұдан бөлек, күніне 60 мыңға тұтас коттеджді жалға алуға болады.
Баянауыл көлдерінің ішіндегі ең танымалы – Жасыбай. Мұнда демалыс үйлері көбірек, жағажайларда тиісті жағдай жасалған және туристік бағдарлар осы жерден басталады.
Бұл өңірде тау-тастарды тамашалап, Кемпіртас пен Найзатасқа баруға, Баянауыл тауларының ең биігі Ақбет шыңына шығуға болады.
Қоңыр Әулие үңгірі, Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Әулиебұлақ, Торайғыр көлінің маңындағы сақ қорғандары, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі, Мұса Шорманов кесенесі сияқты Баянауыл өңірінің киелі жерлеріне туристер көптеп ағылады.
Айта кетейік, осы өңірге саяхаттап келгендер демалыс үйлері мен гидті көбіне әлеуметтік желілерден, Instagram-нан немесе таныстарының ұсынысы бойынша іздейді.
Баянауылдың көрікті жерлерін тамашалаудың ең ыңғайлы және оңай тәсілдерінің бірі - бір күндік турды сатып алу. Бұл ретте туристер үшін барлығы ұйымдастырылады, яғни жеткізетін көліктен бастап, баратын маршрут, тамақтану орындары қамтылады.
Демалыс күндері турды бірнеше қазақстандық туристік фирмалар ұйымдастырады. Мұндай саяхат кезінде бірден бірнеше қызықты жерлерге баруға болады. Павлодардан трансферт пен экологиялық төлемдерді есепке алғанда, осындай фирмалардың бірінде турдың құны шамамен 11 мың теңгеге жетеді.
Екі күндік топтық тур үшін 25 мың теңге төлеу керек. Оның аясында бірнеше экскурсия ескерілген және Ақбет шыңына шығу мен қонақ үйде түнеу мүмкіндігі жасалады.
Мұнымен қоса, кейбір көрікті жерлерге өзіңіз жалғыз бара аласыз. Павлодардан Баянауыл ауылына автобус қатынайды, билет құны 2140 теңге шамасында. Жолда жүру уақыты 3,5 сағатты алады. Бірақ мұнда жеке көлікпен немесе таксимен барған ыңғайлы. Таксистер 3,5-4 мың теңгеге Жасыбайға апаруға дайын.
Көлге жақын жерде (Жасыбай) жергілікті туристік ақпараттық орталық бар, онда экскурсияға тапсырыс беруге болады. Бір адамға шамамен 3 мың теңге алады. Жаяу жүргіншілерге арналған 10-нан астам бағдар ұйымдастырылған. Оның ішінде Жасыбай көлінен Кемпіртасқа дейін бөлек жол бар. Қоңыр Әулие үңгірі мен Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесіне апаратын экскурсия бағдарлары да ескерілген. Демалыс үйлерінде экскурсия жөнінде алдын ала келісуге болады.
Баянауылдың ең танымал орындардың бірі саналатын Кемпіртас Жасыбай көлінен сегіз шақырым жерде орналасқан. Көптеген аңыздар Қоңыр Әулие үңгірімен байланысты. Бұл аймақта сілеусін, қасқыр, арқар мекендейді.
Қоңыр Әулие үңгірі Торайғыр ауылынан он шақырым жерде тұр. Бұрын туристер үңгірге соқпақ жолдар мен ағаш көпірлер арқылы көтерілетін. Қазір ол жерде ұзындығы 920 метрге созылған жаңа баспалдақтар салынды.
Мәшһүр Жүсіп кесенесі де Баянауыл ауданында екені белгілі. Жақын жерде музей және қонақүй бар. Шағын музейде 170-ке жуық экспонат, оның ішінде ғалымның жеке заттары жиналған. Сол жердегі гид туристерге қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, шежіреші, философ жайында және кесене тарихы туралы егжей-тегжейлі баяндап береді.
Кесенеден 73 баспалдақ төмен түсіреді, яғни Мәшһүр Жүсіптің өмір сүрген жылдарымен сәйкес келтірілген. Кесененің басына көтерілу қиын емес, демалатын орындықтар қойылған.
Мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы Мұса Шормановтың кесенесі де Баянауыл ауданында. Бұл нысан Теңдік ауылының маңында 2018 жылы салынды.
Атап айтқанда, осы экскурсиялардан бөлек, жақында Баянауылда ойын-сауықтың жаңа түрі пайда болды. Бұл өңірдегі маңызды нысандарды биіктен тамашалауға мүмкіндік бар. Туристерге ұлттық парк аумағын толық шолып шығу үшін ұшаққа отыруына болады. Cessna 206 ұшағымен жарты сағаттық сапарға бір адамға 30 мың теңге төйлейді.
Өңірдегі жалғыз тау шаңғысы курорты да Баянауыл ауданында Қаражар ауылына жақын жерде орналасқан. Қыста Баянауылдан Мырзашоқы тауының етегіне дейін шағын автобус қатынайды. Бірақ ол жерге баратындар көбіне өз көліктерімен келеді.
Таудан шаңғымен және сноубордпен сырғанап түсуге болады. Мырзашоқы тауына ұзындығы 960 метр болатын арқан жолы тартылған. Осы жолмен бір рет көтерілу құны 1000 теңге.
Жақын жерде демалыс үйлері салынбаған. Әдетте, туристер аудан орталығына барып тоқтайды. Жазда бұл жерде шаңғы тебу мүмкіндігі болмайды. Дегенмен ауыл тұрғындарының бірі Мырзашоқа маңында жаяу экскурсия ұйымдастырмақшы.
Бұдан бөлек, Павлодар облысында Шарбақты ауданындағы шипалы Маралды тұзды көлінде шомылуға және әдемі фотосессия ұйымдастыруға болады.
Маралды көлі Павлодардан 60 шақырым жерде орналасқан. 27 мамырдан бастап автовокзалдан шағын автобуспен жетуге болады. Автобус вокзалдан көлге қарай сағат 10-да, кері бағытта сағат 17:00-де шығады. Билет құны ересектер үшін 2240 теңге, ал балаларға 1120 теңге төлеу керек. Демалыс аймағына кіруге ақы бөлек төленеді. Шипажайға келу құны ересектерге 1000 теңге, балаларға - 500 теңге, алты жасқа дейін тегін. Мұнда 6 мың теңгеге 10 адамға арналған арнайы орындарды жалға алуға болады.
Шарбақты өңірі тек тұзды көлімен ғана емес, сонымен қатар қарағайлы орманымен де танымал.
Туристер үшін облыс орталығында да тамашалайтын орындар баршылық. Қала тұрғындары өзен жағалауында көп серуендейді, себебі бұл жер ең көрікті орындардың бірі. Жағалаудың ортасында қаланың негізгі сахнасы орналасқан. Жазда мұнда әр демалыс сайын көп көрермен жинайтын ашық аспан астындағы концерттер өтеді.
Павлодар қонақтары міндетті түрде музейлерге де баруы керек. Олардың бірі - ғимараты XIX ғасырдың аяғында салынған тарихи-өлкетану музейі.
Осы көне ғимаратта біраздан бері Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі орналасқан Музей қорында бірегей экспонаттар сақтаулы. Ондағы экскурсия құны жайында айтатын болсақ, ересектерге арналған билет 300 теңге, ал балалар билеті 150 теңге шамасында.
Облыс орталығында тағы бір бірегей мұражай бар. Багаев атындағы мұражай-үйі сәулет ескерткіші ретінде саналады. Бұл үйде 1905 жылдан бері белгілі өлкетанушы, фотосуретші Дмитрий Багаев тұрып, жұмыс істеді. Мұнда ол қаладағы алғашқы фотосалонды ашқан. Музейде сол кезеңде түсірілген фотосуреттер мен көне жәдігерлер сақталған.
Павлодардағы басты көрікті жерлерінің бірі – Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіт. Аумағы 48х48 метр. Сегіз қырлы, 4 мұнарасы бар және олардың әрқайсысының биіктігі 63 метрден. Күмбезінің биіктігі (айды қоса алғанда) 54 метрді құрады.
Сонымен қатар, Павлодарды аралап жүргенде көркемсурет музейіне немесе театрға баруға болады.