Павлодар облысында киелі жерлер географиясына кіретін орындар анықталуда

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, энциклопедияға шығарылатын киелі жерлердің тізіміне Павлодар өңірінен бірнеше орын енгізілген. Дегенмен бұл тізімді әлі де толықтыру керек.
«Жазда еліміздің барлығық өңірін қамтитын экспедиция ұйымдастырылады. Соның нәтижесінде бес томдық энциклопедияны жарыққа шығарамыз. Қазір сол экспедиция жұмыс жасайтын қасиетті жерлердің тізімін дайындап жатырмыз. Қазақстан бойынша бір мыңға жақындап қалды. Ал, Павлодар өңірінен сол тізімге Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп кесенесін, Қоңыр әулие мекенін, Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл Жайылма атырабын, Май ауданынан Қалмақ қырылған тауын енгізіп отырмыз», - дейді Жамбыл Артықбаев.
Тарих ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универистетіндегі тарих және мәдениет институтының директоры Қайрат Батталовтың сөзінше, Павлодардағы «Киелі жерлер географиясын» анықтау үшін елді мекендерде тұратын көне көз қариялардың, жергілікті тарихшылардың, өлкетанушылардың ұсыныс-пікірлері ескеріледі.
«Павлодар облысындағы тарихи орындарды аралау үшін комиссия жасақталуда. Оның құрамына ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, ертеде ел басқарған азаматтар кіреді. Сонымен қатар, жергілікті халықпен ақылдасамыз. Экспедиция жұмысын жаз айларында жүргізіп, күзге дейін этнографиялық материалдарды дайындап, Астанаға жіберуіміз керек. Энциклопедияға республикалық маңызы бар тарихи орындармен қатар, жергілікті деңгейдегі маңызды жерлер де кіреді. Ең бастысы - соның маңыздылығын айқындайтын нақты дәлелдер тауып, ұсынуымыз керек», - дейді Қайрат Батталов.
Еске салайық, жақында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанның киелі жерлерінің картасын жасақтауды тапсырған болатын. Бұл тапсырма Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған негізгі идеяларды жүзеге асыруға бағытталып отыр.