Павлодар облысында коронавирусқа қарсы вакцинация қарқыны 1,6 есе өсті
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірде вакцинация науқанының қалай жүріп жатқандығы COVID-19 вирусына қарсы күрес жедел штабының отырысы барысында талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Ситказинов Павлодар облысында 155 мың тұрғын коронавирус вакцинасының бірінші компонентін алып үлгергенін және 86 мыңнан астам адамның толық егілгенін айтты.
- 28 маусым мен 4 шілде аралығында вакцинация жылдамдығының 1,6 есеге өскені белгіленді, - деді бөлім басшысы. - Бір апта бұрын вакцинацияның бірінші компоненті 17 мыңнан сәл астам адамға егілсе, соңғы жеті күнде 29 мыңдай адам қабылдаған. Облыста вакцинаны медицина мамандары, мұғалімдер және құқық қорғау органдарының қызметкерлері белсенді түрде қабылдап жатыр.
Ұйымдасқан еңбек ұжымдары үшін Павлодар облысында 67 мобильді топ жұмыс істейді.
- Расталған коронавирус инфекциясы бар науқастар күн сайын артып келеді. Оның саны қазірдің өзінде жүзден асты, - деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Қазір вирус өте тез пайда болып, жылдам асқынады. Көпшілікке ынталандыру шараларын қолдана отырып, вакцинацияның қажеттілігін жеткізу қажет. Біз вакцинацияның жылдамдығын апта сайын талдаймыз. Ұжымдық иммунитет пайда болу үшін бұл көрсеткіш үнемі өсіп отыруы тиіс.
Әкімнің айтуынша, жергілікті басшылар мен кәсіпкерлік қызметке жауапты мемлекеттік қызметшілер қызмет көрсетушілер арасындағы вакцинацияға көңіл бөлуі керек.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жарлығына сәйкес, бұл сала өкілдері коронавирус вакцинасының бірінші компонентін 15 шілдеге дейін, ал екінші компонентін 15 тамызға дейін алуы тиіс.
Аймақ басшысы болашақта шағын және орта кәсіпкерлер айыппұл төлеушілер тізіміне еніп кетпес үшін алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды.