Павлодар облысында құдық қазған екі адамды топырақ басып қалды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар ауданындағы Мичурин ауылында құдық қазып жатып опырылған топырақ астында қалған бір адам мерт болып. екінші ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысында құдық қазған екі адамды топырақ басып қалды

Павлодар облыстық еңбек басқармасының  мәліметінше, 28 жастағы ер адам опырылған топырақ басып қалып жан тапсырған. Оны құтқаруға ұмтылған 37 жастағы әріптесі де зардап шеккен.

«1990 жылғы азамат жұмыс басталмас бұрын шұңқырға секірген. Сол кезде оның үстіне топырақтың үйіндісі құлаған. Ал 1981 жылғы ер адам оны құтқарамын деп жүріп топырақтың астында қалды. Қазіргі уақытта Павлодар ауданы Мичурин ауылында болған оқиғаның  жай-жапсары анықталып жатыр. Оқиға орнында қанша адам болғаны және олардың қандай бір өнеркәсіппен еңбек шарттары бар ма, әлде жоқ па әзірге белгісіз», - деді мемлекеттік еңбек инспекторы Абылай Сабыров.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрігерлер аман қалған 37 жастағы ер адамның жағдайын ауыр  деп бағалауда.