Павлодар облысында құрылысшылар мен тауар өндірушілердің қауымдастығы құрылады

Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасында отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Кездесуге өңір басшысы Болат Бақауов қатысты. Онда мемлекеттік сатып алуға қазақстандық, әсіресе павлодарлық өндірушілердің атсалысу мәселесі талқыланды. Отырысқа ірі құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын және түрлі құрал-жабдықтарды өндіруші компаниялардың жетекшілері жиналды.
Жиын барысында құрылысшылардың өз өнімдерінің бағасын шарықтатып жіберетін және қажетті материалды уақытында жеткізіп бере алмайтын отандық өндірушілерге көңілі толмайды.
Оған қоса, сұранысқа ие өнеркәсіптік өндіріске қажетті заттар Павлодар өңірінде, тіпті еліміздің өзінде өндірілмейді.
Құрылыс компания өкілдерінің айтуынша, тұрғызған үйлерге есіктер Ресейден сатып алынады. Ал, кірпіш өндіруге керекті металл бұйымдарды Қытайдан алғызады.
«Біз өзімізге қажетті дүниелерді Қазақстаннан таба алмай отырмыз. Ал оларды сатып алу үшін жыл сайын миллиондап қаржы бөлеміз. Осы қаржының бәрі Қытайға кетеді. Біздің елде қалдыруға да болатын еді»,-дейді «Вершина» ЖШС өкілі Әлібек Қуанышев.
Осы орайда облыс әкімі құрылысшылар мен тауар өндірушілердің қауымдастығын ашуды ұсынды.
Әкімнің айтуынша, бұл бірлестік тауар өндіруші мен жеткізушінің қатынасын ретке келтіреді.
«Біз Түмен облысында болып, құрылысшылар қауымдастығының өкілдерімен кездестік», - деді Болат Бақауов.
Сонымен қатар, өңір басшысы Павлодар облысында өндірілетін өнімдердің каталогын шығару қажеттігін айтты.