Павлодар облысында құтыру ауруының алғашқы дерегі анықталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында биыл құтыру ауруының алғашқы дерегі тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Рашит Нұрбеков мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Эпизоотикаға қарсы іс-шаралардың жүргізілуіне байланысты құтыру ауруының таралу ошақтары соңғы бес жылда азайып келеді. Десе де, биыл облысымызда құтыру ауруын жұқтырудың бір оқиғасы тіркелді. Бұл Качир ауданы Воскресенск ауылдық округінің Малые Березники ауылында түлкімен байланыста болған иттен табылды», - деді Рашит Нұрбеков.
Оның айтуынша, биыл ветеринарлық алдын алу шараларының жоспарына сәйкес сегіз аса қауіпті ауруға қарсы үш миллионға жуық шара өткізіледі. - Күйдіргіге қарсы вакцинациялау жұмыстары үй жануарларының барлық түрін қамтиды, - деді Рашит Нұрбеков. - Ал эмфизематозды карбункулға қарсы вакциналау осы ауруға бейім жануарларға жасалса, жоғары патогенді тұмауға қарсы шара үй құстарының барлық түріне жүргізіледі. Іс-шаралар республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Бұл мақсатта 627 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, 2018 жылы 28 аса қауіпті инфекция бойынша диагностикалық зерттеу өткізіледі. Өкінішке орай, үй жануарларының арасында бруцеллез ауруы кең таралған».
Айта кетерлігі, биыл бруцеллезді анықтау мақсатында 550 мың ірі қара мал мен 860 мың ұсақ қара малдың қан сарысуы зерттеледі. Бүгінгі күні тексерілген 160 мың бас малдың 1475-інде бруцеллез белгілері анықталды.