Павлодар облысында «күйдіргі» деген диагнозбен 5 науқас тіркелді

АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ағымдағы жылғы маусымның 19-20 аралығында Павлодар облысының Ақсу ауданының Қаракөл және Ребровка ауылдарында «күйдіргі» деген диагнозбен 5 науқас тіркелгендігі белгілі болды.

Павлодар облысында «күйдіргі» деген диагнозбен 5 науқас тіркелді

Бұл туралы ҚазАқпаратқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті хабарлады.

«Бірінші науқас ағымдағы жылғы 19 маусымда анықталған және ауыр күйінде Павлодар қалалық инфекциялық ауруханасына жатқызылған. Жүргізілген емге қарамастан науқас ағымдағы жылдың 20 маусымында қайтыс болған. Медицина қызметкерлері үйлердің аула ішіндегі тексерулерді белсенді жүргізу барысында күйдіргі ауруына күдікті тағы төрт науқасты анықтады және оларды ауруханаға жатқызды. Екі науқастан, оның ішінде қайтыс болған бір адамнан алынған материалды зертханалық зерттеу кезінде күйдіргі ауруының қоздырғышы анықталды. Қалған үш науқастан және сыртқы орта объектілерінен алынған материалмен жұмыс жүргізілуде», делінген бүгінгі таратылған хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, эпидемиологиялық тексеру барысында науқастар ағымдағы жылдың 11 маусымында алдын ала ветеринариялық куәландыруы жоқ ірі қара малды сою жағдайына қатысқандығы анықталды.Ошақтарда байланыста болған 80 адам анықталды, олардың барлығы профилактикалық ем қабылдауда.Ветеринариялық қызметпен бірлесіп тексеру жүргізу кезінде жоғарыда көрсетілген кезеңде 5 бас ірі қара мал және бір жылқы өлгендігі анықталды.

«Ошақтарда дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді.Күйдіргі ауруы бойынша стационарлы қолайсыз пункттердің кадастрасына сәйкес ауылшаруашылық малы арасындағы аурулардың соңғы жағдайы көрсетілген елді мекендерде 1967 жылы тіркелген.Павлодар облысының халқы арасында күйдіргі ауруының соңғы жағдайы 1985 жылы тіркелген. Комитеттің, «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми орталығы» РМҚК-ның және «Масғұт Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық жұқпалар ғылыми орталығы» РМҚК-ның мамандарының қатысуымен ошақтарда эпидемияға қарсы және ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жалғасуда», делінген таратылған хабарламады.