Павлодар облысында медицина ұйымдарының кредиторлық берешегі 3 млрд теңгеге жуықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысындағы ауруханалардың қарызы күннен-күнге артып келеді. Бұған медициналық ұйымдардың толық қаржыландырылмай отырғаны себеп. Сенатор Ернұр Әйткенов аталған мәселені өзінің депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің араласуынсыз шешілмейді.
Сенатордың пайымынша, стационарлық көмек көрсететін медицина ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақы қорының орташа өсімі 21-ден 25 пайызға дейін болса, базалық тариф орта есеппен 11,4 пайызға ғана көтерілді.
«2023 жылға арналған қаржыландыруға талдау жасалып, бөлінген қаражаттың жылдық жалақының 100 пайызына жететінін көрсетті. Өзге шығындар, яғни коммуналдық төлемдер, байланыс қызметтері, басқа да сатып алулар мен қызметтер жеткіліксіз қаржыландырылған. Сонымен қатар былтырдан бастап Павлодар облысында халыққа стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар үшін нақты көрсетілген медициналық қызметтерді жеткіліксіз қаржыландыруға байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Нәтижесінде 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша медицина ұйымдарының кредиторлық берешегі 2 млрд 825,5 млн теңгені құрады», - деді сенатор Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған сауалында.
Осыған орай, депутат Денсаулық сақтау министріне жыл сайынғы жалақының өсуін, коммуналдық төлемдердің, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің, басқа да қызметтердің инфляциясын ескере отырып, тарифтерді қайта қарауды, сондай-ақ жалақысы аз өңірлерге түзету коэффициенттерін қолдануды ұсынды.