Павлодар облысында Наурыз мерекесінде 190 киіз үй тігіледі
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында Наурыз мейрамы аясында 400-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинованың айтуынша, өңірдің қала, аудандарында және ауылдарында 20-23 күндері Наурыз мерекесіне арналған шаралар көпшілік іс-шара ретінде өтеді. Алаңдарда киіз үйлер тігіліп, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыс бойынша жалпы 190 киіз үй орнатылатын болады.
Сондай-ақ ол киіз үйлерде дастархан жайылмайтынын атап өтті.
- Киіз үйлердің барлығы көрмелік үйлер болады. Ішінде тамақ әзірленбейді. Дастархан жайылмайды. Тұрғындар үйлерден тыс аумақтарда демеушілер есебінен наурыз көже мен бауырсақтардан ауыз тиетін болады, - деді басқарма басшысы.
Айта кетер жайт; 23 наурыз күні Қайырымды ұлт күні деп жарияланған. Бұл күні барлық сала, барша әкімдік қайырымдылық шараларын өткізеді.
- Сонымен қатар, облыс тұрғындары үшін «Ирбис» телеарнасымен бірлесіп, «Берекелі мереке» тележобасы дайындалуда. Бұл – театрландырылған қойылым. Жобада отбасылық құндылықтар, салт-дәстүрлер көрсетіледі. Бұл жоба 22 наурыз күні сағат 16:00-де, 23 наурызда сағат 11:00-де эфирге шығады, - дейді Самал Бегалинова.