Павлодар облысында омыртқа ауруларын емдейтін еліміздегі алғашқы орталық ашылды
Орталықта бір мезетте 30 адам емделе алады. Орталық омыртқа ауруларына шалдыққан және түрлі жарақаттан кейін тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды оңалтуға бағытталған. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлінген. Май ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Болат Бақауов орталықтың ашылуының арқасында 40 адам жұмыспен қамтылғанын тілге тиек етті.
«Орталыққа келген науқастар осында тәжірибесімен бөлісіп, бір-біріне кеңес бере алады, - деді өңір басшысы. - Облыс тұрғындарының 3 пайызы - мүмкіндігі шектеулі жандар. Орталықтың ашылуы және мамандардың көмегімен оңалту жұмыстары оң нәтиже береді деген ойдамын». Павлодар облысы мүгедектер қоғамының төрағасы Георгий Четвериковтың айтуынша, егер бұрын науқастар тек қана 10 күндік оңалтудан тегін өтсе, орталықтың пайда болуымен бұл мерзім 45 күнге дейін созылады.
«Біздің орталық туралы Қазақстанның басқа да өңірлері біле бастады, - деді Георгий Четвериков. - Ғимараттың іші өте жылы және жарық. Қасында Ертіс өзені ағып жатыр. Мекеменің болашағы зор».
Айта кетерлігі, мұнда арнайы реабилитолог маман науқастарға бірінші кезекте өзіне-өзі көмек көрсетуді, екіншіден, өзіне және айналадағыларға пайдасын тигізуді және қоғамға бейімделуді үйретеді. Сондай-ақ, су асты массаж, транежер залы және емдік дене тәрбиесі қарастырылған. Нысан 2009 жылы ашылған аудандық орталық аурухананың ішінде 1500 шаршы метр аумақта орналасқан.