Павлодар облысында оңтүстіктен қоныс аударған жас мамандар саны артты
- 2019 жылы сәуір айында отбасыммен бірге көшіп келдім. Бүгінде қабылдау бөлімінде мейіргер болып жұмыс істеймін. Өзбекстан елінде дүниеге келгенмін. Алматы облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде алты жылдай қызмет еттім. Алайда ол жақта азаматтықты рәсімдеу қиынға түскеннен кейін жеке кәсіппен айналыстым. Nur Otan партиясында қабылдауда болғанымда осы бағдарлама жайлы естіп, көшуге бел будым, - дейді Салауат Сейтбаев.
Мамандығы – жалпы тәжірибелік дәрігер қоныс аударғанына еш өкінбейтінін айтады.
- Бес балам бар. Ең кішісі - үште, үлкені - 10 жаста. Жұбайым 500 мың теңге грантқа екі сиыр сатып алды. Өз шаруашылығымызды жүргізіп отырмыз. Мемлекет тарапынан ұсынылған қаржыға баспана сатып алдық. Балалар балабақшаға тегін барады. Мектепте тегін тамақтанады. Бастапқыда жаңа ортаға бейімделуде біраз қиындықтар болды. Бірақ ұжым қолдау көрсетті. Қазір жағдайымыз жақсы.
Бұдан басқа, Успен ауданына бір жылдың ішінде алты жас отбасы қоныстанған. Олардың ішінде айтыскер ақын, дәстүрлі әнші Бөкен Жігерұлы, режиссер Омарғазы Тілеухан, журналист Нұрбек Кеңесбай, музыка мамандары Табиғат Қайрат және Перизат Құрманғалиева бар. Бүгінде барлығы өнер, білім, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етуде.
Успен мәдениет үйінің әдіскері Құрметжан Ербақ 1991 жылы наурыз айында Қытай Халық Республикасында Өртекес деген жерде дүниеге келген. 2013 жылы Түркістан облысының Кентау қаласында бір жыл дайындық курсынан өтіп, 2014 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде актерлік мамандыққа оқыған. 2018 жылы Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрда жарты жыл жұмыс істеген.
- 2019 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ертіс өңіріне отбасыммен көшіп келдім. Жұбайым жоғары білімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Түркістанда оқыған. Ол жақта жұмыспен қамту қиын. Мамандар мен жан саны көп. Әйелім мектепте, қосымша кітапханада жұмыс істейді. Келген кезде отбасы мүшелерінің жан басына 89 мың теңгеден берілді. Бір жылға жалдап тұруға 500 мың теңгеден ұсынды. Барлық қаржыны қосып, үй сатып алдық. Бұдан басқа, 250 мың теңгеден көтермеақы алдық. Әлі де осы жаққа қоныс аударуға ниетті жастар бар. Алдағы уақытта өзге ұлт өкілдерімін бірлесіп, халық әндері мен күйлерді дәріптейтін оркестр құруды жоспарлап отырмыз, - дейді Құрметжан Ербақ.
Жас маман 2019 жылы Баянауылда өткен «Қаныш Сәтбаевтың ұнатып айтқан әндері» атты облыстық байқауда 2-орынды иеленген. Аққулы ауданында өткен облыстық Абай оқуларының бас жүлдесін жеңіп алса, Талдықорған қаласында республикалық кезеңде 2-орынды еншіледі.
- Шетте жүрген қазақтар туған Отанның, қазақ елінің қадірін жақсы біледі. Сондықтан Қазақстандағы кез келген орта, ауыл-аймақ туған жеріміздей ыстық, - дейді ол.