Павлодар облысында су шайып кеткен автожолдағы қозғалыс қалпына келтірілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 сәуірі күні Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы «Ащысу» өзенінде қардың күрт еруінің және көлемді су ағысының салдарынан «Қалқаман-Баянауыл» автомобиль жолының 101-ші шақырымында арнасынан асқан су автомобиль жолын басып, жол қозғалысына шектеу қойылған болатын. Жедел шаралардың арқасында қазіргі күні қозғалыс қалпына келтірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағыстың қатты жылдамдығын және су өткізгіш құбырларымен қоса жол төсемінің шайылып кету қауіпін ескере отырып, 4 сәуірге қараған түні еріген қар суын ағызу және су деңгейін төмендету үшін ені 20 метр болатын жасанды суайырық жасау шешімі қабылданды.
«Су ағысы төмендегеннен кейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Казақавтожол» РМК және «Акжол»ЖШС мердігерлік ұйымы жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, жолды тез арада қалпына келтіру үшін қажетті құрал-жабдықтар мен жол техникасын және барлық күшті жұмылдырды. Суайрық орнында қосымша диаметрі 1,2 метр болатын су өткізгіш құбырлары орналастырылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аймақтық жедел штабы қызметінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде учаскедегі қозғалыс бір тәулік ішінде қайта қалпына келтірілді», - делінген баспасөз баянында.
