Павлодар облысында Тұңғыш Президент күні қарсаңында 300-ден астам шара өтеді
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын барысында ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
«24 қараша - 1 желтоқсан аралығында өңірде әлеуметтік-өндірістік маңызы бар нысандар қолданысқа беріледі. Нақтырақ айтсақ, Павлодарда қоспалы алюминий шығаратын «Guissenhaus» ЖШС өндіріс орнын іске қосу, «Сарырарқа» шағынауданында тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланып отыр. Екібастұзда Энергетиктер көшесінде көпқабатты тұрғын үйдің кілттерін табыстап, қызанақ өсіру бойынша жылыжай, Шарбақты ауданында қайта құрудан кейін мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беретін 60 орынға шақталған балабақша, Успен ауданы Таволжан ауылында медициналық пункті, Железин ауданының Железин ауылында қайта құрудан кейін 10 пәтерлік жатақхана, Мерғалым елді мекенінде әнші Роза Мұқатаеваның қатысуымен клуб ашылады. Баянауыл ауданында «Баян Сұлу - Қозы Көрпеш» және «Мәңгілік ел» аллеялары, екі пәтерлі төрт үй, қайта құрудан кейін аудандық стадион тапсырылады. Бұдан басқа, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Менің табысым - елімнің табысы» атты дарынды жастардың облыстық конкурсы, кәсіпкерлік идеялар мен стартаптар жәрмеңкесі ұйымдастырылады».
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтың айтуынша, 14 қараша күні Естай атындағы мәдениет сарайында Қазақстан эстрадасының жұлдызы Қайрат Нұртастың концерті, 26 қараша күні Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің «Ұлы дала сарыны» концерті өтеді. 27-28 қараша күндері Алматы қаласы «Отырар сазы» оркестрінің гастрольдік сапары ұйымдастырылады. Негізгі салтанатты шаралар 29 қараша күні сағат 15.00-де Естай атындағы мәдениет сарайында, 30 қарашада аудандар мен қалаларда өтеді.
- Павлодарлықтар мен қала қонақтары «Елбасы Павлодар облысында» фотокөрмесін тамашалай алады, - дейді Ардақ Райымбеков. - Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, Анель Арынова мен «Шамиль» тобы Елбасының сүйіп тыңдайтын әндерін орындайды. Сонымен қатар, Павлодар сахнасында алғаш рет астаналық «Қасиет» тобының және Айбек Бекбосыновтың орындауында «Елбасы толғауы» күйінің тұсауы кесіледі. Алматыдан термеші Татьяна Бурмистрова және ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан жастар одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов шақырылып отыр. Облыс әкімі Болат Бақауов Тұңғыш Президент күні қарсаңында нысандардың ашылуын бәлкім бір күнде өткізу туралы ұсыныс білдірді.
«Мереке қарсаңында қалалар мен аудандардың әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары жұмыста жоғары жетістік көрсеткен қызметкерлерді ынталандыру және сыйақы беруді қарастыруы қажет. Сонымен қатар, кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы мерекелік жеңілдіктер бойынша акциялар мен жәрмеңкелер ұйымдастырғаны жөн», - деген аймақ басшысы мерекелерге дайындық сапасын жеке бақылауға алуды өзінің орынбасары Мейрам Бегентаевқа тапсырды.