Павлодар облысында Тұңғыш Президент күніне орай 300 шара өтеді
Облыстық әкімдіктің аппарат кеңесінде өңірлік ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов желтоқсан мерекелерін «ЭКСПО-2017» стилінде атап өту көзделіп отырғанын атап өтті. 24 қарашадан 1 желтоқсанға дейін облыс аумағында ондаған нысан салтанатты түрде ашылады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Арнайы экономикалық аймақта алюминий өндірісі бойынша «Giessenhaus» ЖШС-ні іске қосу, Павлодардың «Сарыарқа» шағынауданында тұрғын үйлерді пайдалануға беру, Энергетиктер көшесіндегі көпқабатты үйдің пәтер кілттерін табыстау және Екібастұзда қызанақ өсіретін жылыжайды ашу жоспарланған.
Сондай-ақ Шарбақты ауданында қайта жөндеуден кейін мемлекеттік тілде білім беретін 60 орындық балабақша ашылады. Успен ауданындағы Таволжан ауылында - медициналық пункт, Железинка ауылында он пәтерлі жатақхана, Баянауылда екі пәтерлі төрт үй халықтың игілігіне беріледі.
Лебяжі ауданының Мерғалым ауылында - клуб ашылады, ал Баянауылдың аудан орталығында жөндеуден өткен стадион қайта іске қосылады. Баянауыл тұрғындарына Қозы Көрпеш - Баян сұлу және Мәңгілік ел жаңа аллеялары да тарту етілмек», - деді Ернұр Дәуенов.
Бұл айтылғандардан тыс, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас дарын иелері арасында «Менің жетістігім - Елімнің жетістігі» облыстық байқауы және Кәсіпкерлік идеялардың жәрмеңкесі өтеді.
Ернұр Дәуеновтің айтуынша, мереке құрметіне облыстағы кәсіпорындар мен ұйымдардың үздік қызметкерлері сыйақымен марапатталады. Тәуелсіздік күніне орай Павлодарда мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант қабылдау рәсімі және көптен күткен Волонтерлар үйінің ашылу салтанаты болады. 16 желтоқсан қарсаңында Баянауыл ауданының Майқайың және Қашыр ауданының Львовка ауылдарында балабақшалар ашылады, онан соң Екібастұзда қайта жөндеуден өткен екі балабақша балдырғандарды қайта қабылдайды. Бұдан бөлек, Ақсу ауылдық аймағының Қызылжар ауылында жылыжай кешені іске қосылса, мейрам күндері Ақсуда, Екібастұзда, Ертіс және Май аудандарында тұрғындар қоныс тойын тойлайды.