Павлодар облысында түйе саны азайған
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша өңірде түйе басы 12,9%-ға азайған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық статистика департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. - Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің барлық санаттарында жылқы саны өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,2%-ға, ірі қара мал - 4,5%-ға, құстар - 15%-ға, шошқа - 13,9%-ға, қой мен ешкі - 1,9%-ға өсті.
Ірі қара мал, жылқы басы санының ең жоғары үлесі Баянауыл ауданында тіркелді, сәйкесінше облыстық көрсеткіштен 15,9%, 20,8%-ды құрады. Шошқаның едәуір саны Павлодар қаласына қарасты елді мекендерде 33,6% шоғырланған, қой мен ешкі Май ауданында - 17,5%, ал құс саны Шарбақты ауданында - 27,1%, - деп жазылған хабарламада. Ауыл шаруашылығы малы негізінен жұртшылық шаруашылықтарында шоғырланған: қой мен ешкі 67,9%, ірі қара мал - 51,3%.
Жылқы басы шаруа немесе фермер қожалықтарындағы және жеке кәсіпкерлерде (жалпы санынан 50,2%), құс басы (жалпы санынан 70,4%) және шошқа (жалпы санынан 60,8%) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тіркелген.
2017 жылмен салыстырғанда еттің барлық түрлерінің тірідей салмақта өндіру 3,9%-ға көбейді. Сауылған сүт 3,3%, алынған жұмыртқа 25,7%-ға өсті. Жүн өндірісі 5,4%-ға азайды.