Павлодар облысында ыс тиген бала қайтыс болды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақтау қаласындағы пәтерлердің бірінде өрт болып, 2012 жылы туған бала ауруханаға жеткізілген, бірақ оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысында ыс тиген бала қайтыс болды

«9 наурыз күні 17:01-де Ақсу қаласының Қамзин көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында өрт болып, бес шаршы метр ауданды шарпыды. Жалын 17:15-те ауыздықталып, 17:20-да толықтай сөндірілді. Ыс тиген 2012 жылғы бала ауруханаға жеткізілді, алайда ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды», - делінген Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Алдын ала деректерге қарағанда, қайғылы оқиғаға баланың өртпен ойнауы себеп болған. Өртті сөндіруге ТЖД тоғыз қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылды, сондай-ақ оқиға орнына кезекші жедел тергеу тобының үш маманы аттанды.