Павлодар облысында Жедел әрекет ету орталығы құрылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында карантин уақытына Жедел әрекет ету орталығы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жедел әрекет ету орталығына (ЖӘЕО) 130 нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады, уақытша бұл нөмірге тек стационарлы телефон арқылы хабарласуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ұялы телефоннан 109 бірыңғай байланыс орталығына түскен өтініштер жедел әрекет орталығына жіберіледі.
ЖӘЕО аймақта карантин режимінің енгізілуіне байланысты тұрғындардың сұрақтарына жедел жауап беру мақсатында құрылды. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтің айтуынша, жедел әрекет ету орталығына түскен сұрақтарға бір сағат ішінде жауап беріледі.
– ЖӘЕО -да барлық облыстық басқарма басшыларының орынбасарларынан құрылған 80-нен астам қызметкер шоғырланған,- деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары журналистермен өткізген тікелей конференция барысында. – Біз кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік қорғау сияқты басты бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз. Қазір барлық өтінімдер 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданып жатыр, онда операторлар санын көбейттік. Егер де шешімі қиын сұрақтар болса, олар тез арада Жедел әрекет ету орталығына жіберіледі.
Қазіргі уақытта 130 нөміріне тек станционарлы телефон арқылы қоңырау шалуға болады, бірақ жуық арада ұялы телефонмен хабарласуға да мүмкіндік жасалады. ЖӘЕО тұрғындарды толғандырған басты сұрақтарды шешу үшін тәулік бойы жұмыс істейді.