Павлодар облысында жер заңнамасының бұзылуынан дау туындады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында жер учаскелерінің заңды иелері болып табылатын «Ақжар-Өндіріс» ЖШС мен «Дулат» ШҚ иелері өз аумақтарында «Директ» ЖШС көмір өндіруіне көнуге мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облысында жер заңнамасының бұзылуынан дау туындады

Өйткені «Директ» ЖШС-ның жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарты бар. Оған жер учаскелерін бөлген шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасында дау туды.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі жер дауын қарастырды.

«Барлық заңнама нормалары бойынша, жер учаскесі біздің ЖШС-ға тиесілі. Салығын да дұрыс төлеп келе жатырмыз. Міне, 5 жылдан бері мемлекеттік органдар осы мәселені шеше алмауда», - «Ақжар-Өндіріс» ЖШС өкілі.

«Біз сотқа да шағым түсірдік, сот біздің пайдамызға шешілді, бірақ ешкім ешқандай шара қолданған жоқ. «Дулат» шаруа қожалығында жағдай дәл осындай», - дейді олар.

АКП сарапшылары болған оқиғаны жер заңнамасын өрескел бұзу деп бағалады. Құзіретті органдар «Директ» ЖШС жер шекарасын анықтау және өлшеуге шыққанда учаске бөлігінің қожайындары бар екенін ескермеген. Оқиғаның мән-жайына қанық болған кеңес мүшелері қосымша тексеру жүргізуді және жер шекарасын қолдану фактісін құжат түрінде бекітуді талап ету туралы шешім шығарды.

«Біздің басты мақсатымыз - кәсіпкерлер құқығының қысымға ұшырауына жол бермеу. Бұл мәселеде кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға өздерінің пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеу қажет. Ол шешімін тапқанша, біздің кеңестің бақылауында болады», - деді олар.