Павлодар облысында жол апатынан екі адам мерт болды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар - Астана тас жолында екі көлік соқтығысып, екі адам қаза тапты, бесеуі (ішінде екі бала бар) ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысында жол апатынан екі адам мерт болды

«2016 жылы туған сәби жабық бас сүйек-ми жарақатын алды. Оған дәрігерлер орташа ауыр деңгейдегі ми жарақаты диагнозын қойып отыр. 2018 жылы туған екінші бала дәл осылай жабық бас сүйек-ми жарақатын алған, сондай-ақ, орташа деңгейдегі ми жарақаты мен еңбек сүйегі сынған деп диагноз қойылып отыр. Екеуі де облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», - деді Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі.

Белгілі болғандай, жаңадан салынып жатқан Павлодар-Астана тас жолының 45- шақырымында, Ақсу қаласының Спутник пен Қалқаман ауылдарының арасында екі жеңіл автокөлік бетпе-бет соқтығысқан. Оқиға орнына жақын маңдағы трассалық медициналық-құтқару пунктінің жасағы барды.

Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.