Павлодар облысында жыл басынан бері екі бала менингитпен ауырған

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 2018 жылдың басынан бері Павлодар облысының ересек тұрғындары арасында менингококк инфекциясын жұқтырғандар тіркелмеген, есесіне екі бала осы аурумен ауырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысында жыл басынан бері екі бала менингитпен ауырған

«Жыл басынан бергі бес айда екі адамға менингококк инфекциясы жұққанын білеміз, оның екеуі де бала. Бірі қаңтарда, екіншісі мамыр айында ауырды. Олар аурудан айығып кетті», - дейді Павлодар облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ирина Сорокина ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

И. Сорокинаның сөзіне қарағанда, бұл екі жағдайдың бір-бірімен ешқандай қатысы жоқ. Олармен жақын қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы тексерілген, ешкімге бұл ауру жұқпаған. Ауруынан айыққан балалар Павлодарда тұрады.

Маман адамдарды осы ауруға тексеру үшін өңірде бүкіл жағдай жасалғанын айтады. «Жұқпалы аурулар ауруханасы сақадай сай тұр, біз мұндай жағдайларға дайынбыз», - дейді Ирина Сорокина.

Оның айтуынша, инфекцияны анықтау үшін алдымен улану (интоксикация) симптомдарына: адамның ыстығының көтерілуіне, бастың ауыруына мән беру қажет. Науқас адамның денесіне бөртпелер шығып, құсуы мүмкін.

«Денесінде тіпті бір-екі бөртпе пайда болса да уақыт оздырмай дәрігерге жүгіну қажет. Менингококк инфекциясы жұққан кезде ең бастысы - дәрігерге дер кезінде қарану қажет», - дейді ол.