Павлодар облысындағы ауылға Жұмат Шанин есімі берілді
Бұл туралы Баянауыл ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Сарбасов айтты.
«Ауылдың атауын өзгерту жөнінде шешім ресми түрде бекітілді. Облыстық ономастикалық комиссияның шешімі шықты. Енді мәслихатты күтіп отырмыз. Ұсынысты жергілікті халық жолдап отыр. Осыған дейін де екі-үш мәрте сұраған болатын», - дейді Қайрат Сарбасов.
Айта кетерлігі, қазақтан шыққан тұңғыш режиссер Жұмат Шанин дәл осы ауылдық округте 1897 жылы дүниеге келген. Қайрат Сарбасовтың айтуынша, Жұмат Шанин ауылы Күркелі ауылдық округінің орталығы болып есептеледі. Ауылдық округтің Шоманкөл, Қойтас, Жарылғапберді және Желтау, Жұман Шанин (Южный) деген 5 бөлімшесі бар.
«Алдағы уақытта Жұмат Шаниннің музейін ашамыз деген жоспарымыз бар. Өткенде режиссердің немересі Болат Қасымханұлы келіп кетті. Бірлесіп музей ашу ісін көздеп отырмыз», - дейді Қайрат Сарбасов.
Айта кетерлігі, Жұмат Шанин 1892-1938 жылдары аралығында өмір сүрген режиссер, драматург, актер, қазақтың ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам және театр қайраткері, Қазақ АКСР-інің халық әртісі.