Павлодар облысындағы тасжолда 55 көлік қар құрсауында қалды
«25 желтоқсан күні 14:00-де Екібастұз ауылдық аймағы Бозшакөл ауылынан 15 км қашықтықтағы айналмада қатты боран салдарынан Қарағандыға бара жатқан жүк және жеңіл көліктері, жалпы саны 55 техника (40 жүк көлігі, 3 автобус және 12 жеңіл көлік) жолда тұрып қалған. Бұл аймақты «Қазавтожол» ЖШС қардан тазалады (кептеліс 5-6 километрге созылған)», - деп хбарлады Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Кептеліс орын алған жерге келген ТЖД қызметшілері жолаушыларды жылыту пунктеріне жеткізбекші болған, бірақ олар бас тартқан.
«Қардан тазалау нәтижесінде 18:00 шамасында бірінші болып 12 жеңіл көлік қар құрсауынан босатылды. Одан кейін қалған көліктер де шығарылды», - деді Павлодар облыстық ТЖД.
Өткен тәулікте Павлодар облысында ауа райы нашарлап, боран, бұрқасын тұрып, көрініс нашарлағандықтан республикалық және облыстық маңызы бар тасжолдарда апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

«24 желтоқсанда 800 мыңнан аса ұялы байланыс абоненттеріне ауа райына байланысты ескерту хабарламасы жіберілді. Сонымен қатар, «Дәрмен» мобильдік бағдарламасы арқылы да хабарлама таратылды, әлеуметтік желілерде ескерту жарияланды, соған қарамастан жолға шығатын азаматтар жиі қиын жағдайда қалады», - дейді құтқарушылар.
Олардың сөзі бойынша, Қазақстан мен Ресейдің шалғай аймақтарында ескертуге қарамастан автобустарды жолға жібереді.
Антон Гагарин