Павлодар облысының 28 ауылында ұялы байланыс жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде өңірдегі ұялы байланыс жоқ 28 ауылдың мәселесі қашан шешілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодар облысының 28 ауылында ұялы байланыс жоқ

«Бізде 360 мектеп бар. Оның төртеуі жеке меншікте. 356 мектеп мемлекет меншігінде. Өңірдегі мектептердің үштен екісі шағын жиынтықты. Тіпті алты немесе одан да аз оқушысы бар мектептер бар. Сіз интернеті жоқ деп атаған мектептердің мәселесі бойынша Цифрлық даму министрлігімен, «Қазақтелекоммен» тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттік органдардан бөлек талшықты-оптикалық байланыс орнатуға дайын жеке инвесторлармен жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтсақ, екі компаниямен келіссөз жүргіздік», - дейді Асайын Байханов.

Әкім аталмыш инвесторларға талшықты-оптикалық интернетті мектепке ғана емес, тұтас ауылға тартуды ұсынып отырғандарын айтады.

«Жалпы облыста үйдегі интернет те, ұялы байланыс пен ұялы интернет атымен жоқ 28 ауыл бар. Бұл мәселені келесі жылы толық шешеміз», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Асайын Байханов Екібастұз бен Ақсуда фермерлік базар ашылатынын мәлім етті.