Павлодар облысының әкімі автобус күту уақытын қысқартуды тапсырды

ПАВЛОДАР. ҚмазАқпарат - Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қалалық көлік кәсіпорындарын аралау барысында тасымалдаушыларға осындай міндет жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодар облысының әкімі автобус күту уақытын қысқартуды тапсырды

Өңір басшысы қала тұрғындарынан автобустарды ұзақ күтуге тура келетіні туралы шағымдар жиілеп кеткенін атап өтті.

Әбілқайыр Сқақов № 1 автобус паркінің басшылығына меморандум аясындағы міндеттемелер туралы еске салды.

- Жазда 100-ге жуық жаңа автобус келеді деп күтілуде. Маршруттарды күту уақытын 5-10 минутқа дейін барынша қысқарту қажет. Сондай-ақ, қызмет көрсету деңгейін көтеру керек, - деп талап етті облыс әкімі.

Автобус паркінің директоры Айтуар Жанғазин қазіргі таңда мұнда 62 жүргізуші жұмыс істейтінін және қазір арнайы оқудан өтетін қызметкерлер штаты қосымша жұмысқа қабылданатынын хабарлады.

Облыс әкімі Асаин Байхановқа және автопарк директорына меморандум аясында тұрақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Трамвай басқармасында Әбілқайыр Сқақов вагон-жөндеу шеберханасының жұмысымен танысты, электрондық билеттеудің енгізілуін тексерді.

«Трамвай басқармасы» АҚ басқармасының төрағасы Мүслім Махмудов вагондарға уақытылы техникалық қызмет көрсету туралы айтып берді.

- Жөндеу кезінде біз электр қозғалтқыштарын толығымен алып тастаймыз, мойынтіректерді майлаймыз, электр құрал-жабдықтарын тексереміз, - деді Мүслім Махмудов. - Жыл сайын парктің 60 пайызы күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді.

Облыс әкімі қала бойынша «шусыз» трамвай желілерін қалпына келтіруді уақытылы аяқтау, қала тұрғындарын тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетінің деңгейін арттыру қажеттігін еске салды.