Павлодар облысының әкімі Баянауылда аспан астындағы мұражай ашу идеясын қолдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Баянауылда өткен экспедициядан кейін Болат Бақауов «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жаңадан құрылған жұмыс тобына ұлттық паркте орналасқан тарихи және археологиялық орындарды абаттандыру бойынша жоспар құруды тапсырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
Баянауылға жасаған жұмыс сапарынан кейін аймақ басшысы жиналыс өткізіп, ауданның тарихи-мәдени мұрасын сақтау туралы мәселе көтерді. - Табиғаты көркем, тарихи құныдылығы аса маңызды жерге иелік етіп отырғандықтан, оны қаз-қалпында сақтауымыз керек, - деді облыс әкімі. - Баянауылға келген қонақтар тауда серуендеп, көлде шомылып қана қоймай, өлкенің бай тарихы мен мәдениетімен танысуы үшін туристердің аудандағы рухани орындарды аралауына жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана Баянауыл брендке айналады. Болат Бақауов Баянауылдың маңызды тарихи және археологиялық орындарын абаттандырып, қоршап, үш тілдегі ақпараттық қалқандармен жабдықтау қажет екендігін айтты. Бұдан бөлек, ол жерлерге жолдар жасап, арнайы көрсеткіштер орнату керек.
Естеріңізге сала кетейік, өткен демалыста Баянауылда жаңа туристік маршруттың тұсаукесері өткен еді. Маршруттың бойында жаяу және ат үстіндегі экскурсиялар ұйымдастырылып, қазақтың тұңғыш кинорежиссері Шәкен Аймановтың туған жері, Абылай ханның ордасы, Данатас және Кемпіртас жартастары, халық арасында «Баянауылдық стоунхендж» атанып кеткен «Мұртты қорған» археологиялық ескерткіші, қола дәуірінің қорымдары және басқа да орындарға сапарлауға болады.