Павлодар облысының әкімі: Қазақстан мен Ресей Президенттерінің өңірге сапары кезінде коменданттық сағат енгізілмейді және оқулар тоқтатылмайды

АСТАНА. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 қыркүйек, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Павлодар облысының әкімі: Қазақстан мен Ресей Президенттерінің өңірге сапары кезінде коменданттық сағат енгізілмейді және оқулар тоқтатылмайды

***

Тәуелсіздік туы көкке шаншыла тігілгеннен бергі уақыттағы қазақ дипломатиясы жеткен табыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Сыртқы саясаттағы осындай табыстардың еселенуіне жер-жердегі Қазақстан елшіліктерінің қосып отырған үлесі айтарлықтай. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті еліміздің Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Серiк Пірімбетовке екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнауына 20 жыл толуына орай бірқатар сауал қойып тұщымды жауап алған. «Егемендiкке қол жеткізіп және халықаралық қоғамдастықтың то­лық құқылы мүшесі болған біздің елдер өзіміздің тәуелсiз сыртқы саясатымыз қалыптасуының қиын-қыс­тау кезеңдерінен бірге өтті. Осы тұрғыда бiздер халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде белсенді түрде әрекеттесіп, бір-бірі­мізді қолдап отыратынымызды баса айтып өткім келеді», - дейді елші «Бір желіден тамыр тартқан» деген тақырыппен берлген сұхбатында.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Жер-су аттарын қазақша жазар күн жақын» деген тақырыппен мақалаға Мәжіліс қабырғасында талқыланған ономастика туралы заң жобасы арқау болған. Бұл заң жобасының жаңалығы: бұрын аудандық, қалалық немесе облыстық мәслихаттар ономастика комиссиясы берген ұсынысқа қарамастан, өздері таңдаған басқа атаулар бойынша шешім қабылдай беретін. Мәселен, ономастика комиссиясы қалаға «Алаш» деген ат беруді ұсынса, қалалық мәслихат оны қабылдамай-ақ басқа ат қоя салатын. «Ендігіде, бұлай болмайды. Яғни заң жобасы бойынша облыс орталықтары, республикалық маңы­зы бар қала, астананың объек­тілеріне (көшелерге, алаңдарға, скверлерге, көпірлерге және қа­ла­ның басқа да құрамдас бөлік­теріне) атау беру және оның атын өзгертуде Республикалық ономастика комиссиясымен мін­детті түрде келісуі қажет болады», - дейді Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі депутат Алдан Смайыл. 

«Алаш айнасы» газетінде техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс Мендебаев жерасты ыстық су көздерін жылыту жүйесіне пайдалану туралы өз ойларын білдіреді. Ғалымның атап өтуінше, әзірге игерілмей жатқан қайтарымды қуат түріне жататын еліміздегі жерасты ыстық су көздерінің 3000 метр тереңдікке дейінгі аралықтағы анықталған көлемі, шартты отын есебі ретінде, біздегі мұнай мен газ қорларын қосып есептегендегі  саннан он есе көп. Егер ыстық су көздерін іздестіру аумағын кеңейтіп, барлау жұмыстарын 4000-4500 метрге дейін тереңдетсек, қордың екі-үш есе өсуі мүмкін. Мысалы, жерасты ыстық су көздерін пайдаланудың екі тәсілі бар. Біріншісі - ыстық суды ұңғылар арқылы тікелей жылу жүйесіне жіберу, екіншісі оны буға айналдырып, электр тогын өндіру. Т.Мендебаевтың осы бағыттағы ойларын «Табиғи қорды үнемді пайдалана алып жүрміз бе?» деген тақырыптағы мақаладан толық біле аласыздар.

***

«Қаржы пирамидаларына ақша салған халық енді мұндай әрекетке бармайтын болады. Өйткені жақын арада осыған қатысты заң қабылданады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қаржы пирамидасына» тыйым салынады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Ұлттық банктің төрағасы Г.Марченко таяуда Қазақстан халқының мүддесін қорғау мақсатында Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірігіп, 2012 жылдың қыркүйек айының аяғына дейін ел аумағында қаржы  пирамидаларын құрған және ұйымдастырған тұлғаларды жауапкершілікке тартуды қарастыратын ҚР заңнамалық актілеріне түзетулер жобасы әзірленіп жатқанын айтқан.

***

«Павлодарда Қазақстан мен Ресей президенттерінің өңірге сапарына байланысты қаладағы барлық қозғалысқа шектеу қойылады, ал өнеркәсіп өндірістерін тоқтатпау үшін жұмысшыларды бірнеше күнге цехтарға жауып тастайды деген өсек-аяң таратты», - деп жазады «Время» газеті «...И чушь поганую несли» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, осыған орай облыс әкімі Ерлан Арын павлодарлықтардан мұндай жел сөзге май құюды тоқтатуды өтініпті. Тұрғындар арасында тараған өсекке қарағанда, екі елдің Мемлекет Басшыларының қатысуымен өтетін форум барысында қалада коменданттық сағат енгізіліп, барлық қозғалыстарға шектеу қойылады, ал мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында сабақ болмайды.